Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда полицейлер жол қауіпсіздігіне арналған профилактикалық шара өткізді

Екібастұзда полицейлер жол қауіпсіздігіне арналған профилактикалық шара өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Екібастұз қаласының полиция басқармасынан арнайы колонна жолға шықты. Патрульдік автокөліктің артынан жол-көлік оқиғасына түскен зақымдалған мотоциклдер мен скутерлер тиелген эвакуаторлар жүрді. Бұл – жол ережесін бұзудың салдарын еске салу мақсатында ұйымдастырылған көрініс болды.

Колонна қаланың негізгі көшелерімен жүріп өтті. Қала тұрғындары шараға қызығушылықпен қарап, оны жол қауіпсіздігі жөніндегі нақты ескерту ретінде қабылдады.

Іс-шараның басты мақсаты – жол қозғалысы ережесіне жауапсыз қараудың салдарын көрсету, апаттардың алдын алу және адам өмірін сақтау.

– Мына зақымданған скутерлер мен мотоциклдер жол-көлік оқиғаларының салдары. Олар – жол ережелерін сақтамаудың айқын дәлелі. ЖКО-ның негізгі себептері мыналар: жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізу; жылдамдықты шамадан тыс асыру; жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу, – деп атап өтті тәртіп сақшылары.

Полицейлер тұрғындарға скутер мен мотоциклдің автомобиль сияқты толыққанды көлік құралы екенін, сондықтан жол ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салды. Қорғаныс дулығасын тағу – өлімге әкелетін жарақат қаупін азайтады. Ал тіркелмеген көлікпен немесе жүргізуші куәлігінсіз жүру – өз өміріңе ғана емес, өзгелердің де қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

– Біздің мақсатымыз – жазалау емес, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Жол ережелерін сақтаңыздар, өз өмірлеріңізді және жақындарыңыздың денсаулығын қорғаңыздар. Абай болыңыздар, – деді полицейлер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру