Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында полицейлер "Aspan Fest" фестивалінде цифрлық қауіпсіздікті насихаттады

Алматы облыстық полиция департаментінің киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасы өңірде кешенді профилактикалық шаралар ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жұмыс барысында Алматы облысы Қазынашылық департаментінің және Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдерімен кездесулер өткізілді. Сондай-ақ Қонаев қаласында өткен жастарға арналған "Aspan Fest" фестивалі аясында тұрғындармен ашық диалог құрылып, интернет-алаяқтықтың алдын алу және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Азаматтарға ақпараттық жадынамалар таратылды.

Негізгі мақсат – жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, онлайн кеңістікте қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру.

Полицейлер киберқауіпсіздіктің қарапайым әрі маңызды қағидаларын еске салды: күмәнді сілтемелер мен хабарламаларға сенбеу, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу, сенімді құпиясөз қолдану және ақпарат көздерінің шынайылығын тексеру. Әсіресе, соңғы жылдары әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы кең таралып келе жатқан интернет-алаяқтыққа ерекше назар аударылды.

– Қазіргі таңда цифрлық орта – күнделікті өміріміздің бір бөлігі. Оның мүмкіндіктерімен қатар жаңа қауіптері де бар. Біздің міндетіміз – тек қылмысты анықтап, жолын кесу ғана емес, сонымен бірге оның алдын алу. Жастардың бір нәрсені жақсы түсінгенін қалаймыз: заң мен тәртіп тек көшеде емес, интернет кеңістігінде де сақталуы тиіс, – деп атап өтті полиция департаментінің өкілдері.

Фестиваль аясындағы профилактикалық іс-шаралар ашық әрі еркін форматта өтті. Қатысушылар полицейлерге көкейдегі сауалдарын қойып, әлеуметтік желідегі аккаунттарын, банк карталарын және жеке деректерін қорғау жөнінде нақты кеңестер алды.

Полиция алдағы уақытта да жастар арасында цифрлық қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр. Өйткені ақпараттық сауаттылық – әрбір азаматтың қауіпсіздігінің басты кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру