Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Мүмкіндіктер алаңы": Қызылордада пробациядағы азаматтарға қолдау көрсетілді

Қызылорда облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен "Мүмкіндіктер алаңы" атты ерекше іс-шара өтті. Оған Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шараның негізгі мақсаты – жастарға кәсіби бағдар беру, құқықтық кеңес ұсыну, кәсіпкерлік негіздері бойынша мағлұмат беру және жұмыспен қамту бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізу болды.

Кездесу барысында қатысушылар кәсіпкерлік саласындағы түрлі мүмкіндіктермен танысып, өздерінің бизнес-жобалары жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды.

— Мен кәсіп ашуды бұрыннан ойлап жүр едім. Бүгінгі шарада кәсіпкерлік туралы пайдалы ақпарат алып, жаңа серпінге ие болдым. Сондай-ақ ұйымдастырылған жарыстарға қатысып, жүлделі орынға ие болғаныма қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін, — деді шараға қатысушылардың бірі.

Ресми бөлімнен кейін спорттық жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылар қол күрес пен кермеге тартылудан өзара сайысқа түсті. Жүлдегерлер арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.

Қазіргі таңда Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде 500-ден астам азамат бар. Оларға тұрақты түрде құқықтық, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетілуде.

"Мүмкіндіктер алаңы" жобасы пробация есебіндегі азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне және болашаққа деген сенімін арттыруға бағытталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру