Полиция азаматтарды мас күйде көлік тізгіндемеуге шақырады
Полиция азаматтарды мас күйде көлік тізгіндемеуге шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мас жүргізуші – ең қауіпті қылмыскердердің бірі. Себебі жол – қателікті кешірмейді. Жол – үлкен жауапкершілікті, қатаң тәртіпті талап етеді.
Жетісу облысы Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында 37 жастағы ер адам жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, мас күйінде мотоцикл тізгіндеген. Жолда ол жол жиегімен кетіп бара жатқан екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Полицейлер анықтағандай, құқық бұзушы төрт бөтелке сыра ішіп, жаяу барғысы келмей, үйіне мотоциклмен жетуді ұйғарған. Соңында екі зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілді.
Құқық қорғаушылар көлікті мас күйде басқару қауіпті екенін еске салады. Мұндай әрекет үшін бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру және өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.