Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе мектебінде "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды

Ақтөбеде полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов оқушылармен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Заңдылық пен құқықтық тәртіп – тұрақтылық пен өркендеудің кепілі. Сол себепті жастардың бойында азаматтық жауапкершілік пен қоғамға қызмет етуге дайындықты ерте қалыптастыру аса маңызды.

"NEO — жаңа буын полицейлері: болашақтың қорғаны" жобасы аясында Ақтөбе облысының полиция департаменті "БІЛІМ" орта мектебінің 10–11-сыныптары базасында полицейлік сынып ашты. Жобаның мақсаты – жастарды құқық қорғау органдарында қызмет етуге ынталандыру, құқықтық сана мен тәртіпті дамыту және азаматтық жауапкершілікті нығайту.

20 тамызда өткен кездесуде Абай Жусупов жаңа сыныптың оқушылары және олардың ата-аналарымен тілдесті.

– Бұл жас – болашақ мамандықты саналы түрде таңдаудың кезеңі. Сондықтан бұл жоба Ішкі істер министрлігінің кадрлық мәселелерін шешіп қана қоймай, заңға және қоғамға қызмет етуге дайын, білімді әрі бастамашыл жас буынды тәрбиелейтін болашаққа инвестиция боларына сенімдіміз, – деді ол.

Жаңа сыныпқа ата-аналардан 50-ден астам өтініш түскен. Оқу бағдарламасы құқық негіздері, дене шынықтыру, шешендік өнер сияқты қосымша пәндерді қамтиды. Сонымен қатар оқушылар теориялық және практикалық сабақтарға қатысып, түрлі байқаулар мен далалық жиындарға барады.Сабақтарды мектеп мұғалімдерімен бірге полиция қызметкерлері, ҚР ІІМ Заң институтының оқытушылары мен ішкі істер органдарының ардагерлері жүргізеді. Ең бастысы – мектепті тәмамдаған түлектер мемлекеттік аттестатпен қатар ІІМ жоғары оқу орындарына жеңілдікпен түсу мүмкіндігіне ие болады (іріктеу талаптарына сай болған жағдайда).

Айта кетейік, Ақтөбе облысында қазіргі таңда 6–7-сыныптар базасында "Жас сақшы" полиция сыныптары бес мектепте жұмыс істейді. Олар Ақтөбе қаласындағы №13, №65, №78 мектептерде және Байғанин мен Қобда аудандарында ашылған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру