Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында жол ережесін бұзуды бақылайтын жаңа жүйе іске қосылды

Павлодар облысында жол ережесін бұзуды бақылайтын жаңа жүйе іске қосылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, жүргізушілердің тәртібін арттыру мақсатында 22 тамыздан бастап Екібастұз, Ақсу қалаларында және аудан орталықтарында "EkinBoxSpotter Павлодар" жүйесінің 60 заманауи аппараттық-бағдарламалық кешені жұмысын бастайды.

Аталған құрылғылар көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығын автоматты түрде өлшеп, құқық бұзушылықтарды тіркейді, мемлекеттік тіркеу нөмірін таниды және деректерді Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының әкімшілік іс жүргізулерінің бірыңғай тізіліміне жолдайды. Осыдан кейін айыппұл төлеу туралы нұсқама электронды түрде рәсімделеді, – деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаменті.

Мамандардың айтуынша, жылдамдықты сағатына небәрі 10 шақырымға арттырудың өзі тоқтау қашықтығын ондаған метрге ұзартуы мүмкін. Бұл жолдағы қауіптің бірнеше есе өсуіне әкеледі.

– Жүргізушілер есте сақтауы тиіс: қалада да, қала сыртында да көлік басқару барынша мұқияттылық пен тәртіпті талап етеді. Жылдамдықты арттырған жүргізуші тек өз өміріне емес, өзгелердің де қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Ал жылдамдықты шектеу – жол қозғалысына қатысушылардың өмірін сақтап қалудың маңызды кепілі, – деп ескертті тәртіп сақшылары.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру