Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер қоғамдық орындарда бетті тұмшалауға тыйым жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде

Полицейлер қоғамдық орындарда бетті жабуға тыйым салу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ертіс ауданында учаскелік полиция инспекторлары қоғамдық орындарда бетті тануды қиындататын киім киюге қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістерді тұрғындарға түсіндіруде. Бұл шаралар "Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы" Заңға енгізілген толықтырулар аясында жүзеге асырылып, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.

– Жаңа талаптардың басты мақсаты – азаматтың жеке тұлғасын анықтау мүмкіндігін қамтамасыз ету. Бұл қадам құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмысты ашу ісінде маңызды рөл атқарады, – деді Ертіс ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Атығай Айғазинов.

Полиция өкілдерінің айтуынша, тыйым бетті толықтай жабатын, жеке тұлғаны тануға кедергі келтіретін бетперде, никаб және сол сияқты киімдерге қатысты. Ал хиджаб, шейла, химар, әл-амира секілді бетті жаппайтын діни киім үлгілері бұл норманың аясына кірмейді.

Сонымен қатар аталған шектеу ауа райының қолайсыздығына, медициналық қажеттіліктерге, заң талаптарына сәйкес қызметтік немесе еңбек міндеттерін орындауға, азаматтық қорғау жағдайларына, сондай-ақ спорттық не мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысты бет жабуға қолданылмайды.

Полиция қызметкерлері қабылданып жатқан шаралардың азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде діни сенім бостандығын шектеуге бағытталмағанын, тек қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналғанын ерекше атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру