СҚО-да жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен айналысқан шетелдік анықталды
СҚО-да жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен айналысқан шетелдік анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
“Қызылжар” автокөлік өткізу бекетінде полицейлер 41 жастағы шетел азаматын кәсіпкерлік қызметті заңсыз жүргізу кезінде ұстады. Ол Петропавлдан Түменге дейін Honda шағын автобусымен алты қазақстандықты тасымалдаған.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, тіркеусіз және сақтандырусыз жұмыс істейтін заңсыз тасымалдаушылар жолаушылардың өмірі мен денсаулығына жауап бермейді. Әдетте олардың таңдауы түсетін шағын автобустар жеңіл көліктерге қарағанда екі есе көп жолаушыны тасымалдайды. Бұған қоса, тәжірибе көрсеткендей, табысқа ұмтылған “көлеңкелі тасымалдаушылар” демалыссыз жолға шығып, шаршаңқы күйде көлік жүргізеді. Шетел азаматы жауапқа тартылды.
20 тамызда басталған облыстық “Қауіпсіз жол” жедел алдын алу іс-шарасының екі күнінде ғана полицейлер Солтүстік Қазақстан жолдарында 600-ден астам түрлі құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 7 жағдайда жүргізушілер көлікті мас күйінде басқарса, 5 жағдайда көлік жүргізу құқығынан айырылғандар рөлге отырған.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстары барлық елді мекендерде, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарда “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасы аясында жалғасып жатыр.