Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қаржылық алаяқтықтан қалай қорғануға болады: Көкшетауда тұрғындарға арналған семинар өтті

Көкшетауда зейнеткерлерге қаржылық алаяқтықтан қорғану жолдары түсіндірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Конституция күні қарсаңында және "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында Ақмола облысының полиция департаменті Экономикалық тергеу департаментімен және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өңірлік өкілдігімен бірлесіп, Көкшетау қаласында егде жастағы азаматтарға арналған ақпараттық-түсіндіру семинарын ұйымдастырды.

Шара Көкшетау қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанындағы "Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы" базасында «"Қарызсыз қоғам" жобасы аясында өтті. Оның басты мақсаты – қарттардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қаржылық алаяқтыққа қарсы тұру дағдыларын қалыптастыру.

Семинар барысында полиция қызметкерлері қаржы пирамидаларының белгілері, оларды тану жолдары және жағымсыз салдардың алдын алу тәсілдері туралы кеңінен түсіндірді. Қатысушылар телефон және банк алаяқтықтары, интернет арқылы жасалатын алдау әрекеттерінің өзекті түрлері жөнінде ақпарат алды. Сондай-ақ қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістермен де танысты.

Іс-шара ашық диалог түрінде өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Олар жеке қауіпсіздікті сақтау, жинақтарын қорғау және алаяқтыққа күдік туындаған жағдайда заңды әрекет ету жолдары туралы пайдалы кеңестерге қанықты.

Ақмола облысының полиция департаменті халық арасында профилактикалық жұмыстарды жалғастырып, қаржылық қылмыстардың алдын алуға ерекше назар аударып отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру