Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қауіпсіздік желісі: Жедел басқару орталығы қызметкерлерінің бір күні

Атырау қаласының тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздігі тәулік бойы тынымсыз еңбек етіп жүрген жедел басқару орталығының қызметкерлерінің қолында, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Көзге көрінбейтін осы қырағы бақылау жүйесі қаладағы әрбір қадамды қадағалап, әрбір оқиғаның алдын алып отыр.

Бүгінде шаһар аумағында 8 600-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Тек биылғы жылдың өзінде олардың көмегімен 15 819 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, "102" арнасына 45 мыңнан астам хабарлама келіп түсті.

Қауіпсіздік желісінің өзегі – заманауи технологиялар. Соның ішінде 3 782 бейнекамера "Target Eye" бағдарламасына қосылған. Олар қозғалмалы және стационарлы болып бөлініп, әрбір нысанға көз салады. Ал "Интерсептор" жүйесіне қосылған 27 интеллектуалды камера жалған немесе ұрланған нөмірлерді, айыппұлын төлемеген көліктерді және қылмысқа қатысы бар автокөліктерді бірден анықтайды.

Жол қауіпсіздігі – бөлек жауапкершілік. "Сергек" жүйесінің 1 997 камерасының 612-сі қаладағы ірі жол қиылыстарында орнатылып, қозғалысты тәулік бойы бақылайды. Бұл жүйелердің барлығы бір-бірімен байланысып, бірыңғай қауіпсіздік тізбегін құрайды.

Халық көп шоғырланатын жерлер де назардан тыс қалмаған. Вокзал, әуежай, сауда орталықтары мен алаңдарға орнатылған 16 "SOS" жүйесі тұрғындарға төтенше жағдай туындағанда бірден хабар беруге мүмкіндік береді. Жыл басынан бері олардың көмегімен жеті төтенше жағдай тіркелді. Қаладағы 100 мектептің 84-інде "SOS" дабыл батырмасы іске қосылып, балалардың қауіпсіздігіне кепілдік беріп тұр.

ЖБО операторларының еңбегі көп жағдайда көзге көрінбейді. Алайда олардың қырағылығы талай оқиғаның алдын алды. Мәселен, көпірден секірмек болған адамдарды құтқару, терезеден құлап кете жаздаған балаларды аман алып қалу – бейнебақылау арқылы байқалған жайттардың бірі ғана. Әрбір қауіпті сәтте операторлар бірден GPS жүйесі арқылы ең жақын патрульді бағыттап, санаулы секунд ішінде шешім қабылдайды. Ал мұндай сәттерде әр секунд – адам тағдырына тең.

Жедел басқару орталығының бір күні – бұл уақытпен жарысқан, мыңдаған көзге көрінбейтін қырағы бақылаулардан құралған, қала тұрғындарының бейбіт өмірі үшін жасалған жауапты еңбек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру