Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция қызметкері ҚР оқу-ағарту министрінің алғыс хатымен марапатталды

Учаскелік полиция инспекторы Ақмарал Құнабаева ҚР оқу-ағарту министрінің алғыс хатымен марапатталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы полиция департаменті Жарма аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Ақмарал Құнабаева Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Алғыс хатына ие болды.

Марапат салтанатты түрде Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қолынан табысталды.

Полиция майоры Ақмарал Құнабаева бұл қызметке 2023 жылдан бастап тағайындалған. Қызметке кіріскен уақыттан бері ол Жарма ауданының білім бөлімімен тығыз әріптестік орнатып, қолайсыз отбасылармен және қиын өмірлік жағдайдағы жасөспірімдермен тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Нәтижесінде құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және олардың қоғамға бейімделуіне ықпал ету бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілген.

"Мемлекет басшысы "Адал азамат - адал еңбек- Адал табыс" қағидатын берік ұстана отырып, еңбекқорлықты, адалдық пен кәсіби шеберлікті жоғары бағалау мақсатында биылғы жылды  "жұмысшы мамандықтардлың жылы" деп жариялады.

Бала тәрбиесі — ұстаздардың ғана емес, ата-аналармен қоса түрлі маман иелерінің ортақ еңбегімен алға басатын ауқымды да кешенді жұмыс. Бұл жолда біріміз ойымызбен, біріміз күшімізбен, енді біріміз қарым-қабілетімізбен атсалысып, жас ұрпақтың болашағын бірге қалаймыз.

Ұлы ғұлама Әл-Фараби "Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың хас жауы" деген.

Осы ретте өзіңіздей маманның кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі білім мен тәрбиенің біртұтастығын сақтауда аса маңызды рөл атқарады. Көркем мінезіңізбен, еңбекқорлығыңызбен және азаматтық жауапкершілігіңізбен үлгі көрсетіп, жастардың сапалы тәрбиемен сусындауына зор ықпал етіп келесіз. Оқу-ағарту саласындағы табанды еңбегіңіз бен азаматтық  белсенділігіңіз үшін шынайы алғысымды білдіре отырып, Сізге мықты денсаулық отбасыңызға амандық, табыс тілеймін" делінген алғыс хатта.

Бұл марапат – полиция майоры Құнабаеваның кәсіби шеберлігінің, жауапкершілігі мен адалдығының дәлелі. Оның жасөспірімдер тәрбиесіне, қоғам қауіпсіздігіне қосқан үлесі жоғары бағаланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру