Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер отбасылық жанжалқойлармен профилактикалық кездесу өткізді

СҚО-да полицейлер отбасылық жанжалқойлармен профилактикалық кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Құқық бұзушылық жасағаннан кейін жазалау емес, оның алдын алу маңызды. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу мақсатында құқық қорғау органдары үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, мінез-құлықты психокоррекциялау әдістерін қолдануды қамтамасыз етуде, кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

"Бақытты отбасы – бақытты ел" акциясы аясында полицейлер "Әйелдерді қорғау орталығы" ұйымының өкілдері және жергілікті атқарушы органдармен бірге Мамлют аудандық полиция бөлімінде әкімшілік қамауда отырған құқық бұзушылармен профилактикалық кездесу өткізді.

Бұған дейін білікті көмек көбіне зорлық-зомбылық құрбандарына көрсетіліп, агрессорларға тек жазалау шаралары қолданылатын. Бұл, өз кезегінде, олардың озбырлығын күшейтетін. "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жаңа стандартқа сәйкес, отбасылық агрессорлар психологиялық көмекке мұқтаж тұлғалар ретінде қарастырылуда.

Аудандық полиция бөлімінің акт залында тәртіп сақшылары мен мамандар бұзақыларға заңнамадағы соңғы өзгерістерді түсіндіріп, енді тіпті жеңіл дене жарақаты мен ұрып-соғудың өзі қылмыстық іс ретінде қарастырылатынын ескертті. Сондай-ақ олар жанжалдарды бейбіт жолмен шешу тәсілдері туралы айтып, болашақта жауапкершілікке тартылмау үшін қайда және қалай көмек алуға болатынын түсіндірді.

Полицейлердің айтуынша, жаңа стандарт енгізілгелі бері облыс аумағында жеті отбасылық бұзақыға мінез-құлықты түзету әдістемесі қолданылып, олардың төртеуі аталған жұмыстан өтті. Кездесуден кейін полицейлер Мамлют аудан орталығында түрлі есепте тұрған отбасыларға рейд жүргізді.

"Бақытты отбасы – бақытты ел" акциясының басты мақсаты – қоғамдағы отбасының рөлін нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы халықты кеңінен ақпараттандыру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру