Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қонаевта полицейлер оқушыларға қауіпсіздік сабағын өткізді

Білім күніне арналған салтанатты жиын барысында Қонаев қаласындағы №10 мектеп-гимназияға Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлан Садықов арнайы барды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқушылар мен ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаған ол балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция қызметінің басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Бірінші сынып оқушыларына арнайы естелік сыйлықтар дайындалды. Олардың ішінде жол қозғалысы ережелеріне арналған танымдық бояу кітапшалары және ҚР Ішкі істер министрлігінің эмблемасы бейнеленген ойыншық патрульдік көліктер бар. Әр сыйлықта QR-код орналасқан. Оны сканерлеу арқылы "Қазақ полициясы" әнін тыңдауға болады. Бұл бастама балалардың жол қауіпсіздігі ережелерін ойын арқылы меңгеруіне мүмкіндік береді әрі полиция қызметкерінің жағымды бейнесін қалыптастырады, – деді Ұлан Садықов.

Салтанатты жиыннан кейін полицейлер оқушылардың алғашқы сабақтарына қатысып, балаларға жолда және аулаларда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін түсіндірді.

Айта кетейік, ҚР Ішкі істер министрінің тапсырмасы және Алматы облысы полиция департаменті бастығы, полиция полковнигі Мейрам Әбікеевтің бұйрығына сәйкес, оқу жылы бойы өңір мектептерінде қауіпсіздікке арналған ашық сабақтар тұрақты түрде өткізіліп отырмақ.

Сонымен қатар әрбір мектепке полиция департаменті бастығының орынбасарлары мен басқарма, бөлім басшылары бекітілді. Олар оқушылардың қауіпсіздігі үшін жеке жауап береді. Бұл тәжірибе алғаш рет қолға алынып, алдын алу шараларын жүйелі әрі тұрақты жұмысқа айналдыруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру