Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Батырдың ұлы үшін алғашқы қоңырау

Бүгін Ыбырай Алтынсарин атындағы BINOM School мектебінде бірінші сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырау соғылды. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің қатарында полиция капитаны Архат Ракишевтің ұлы Алихан Архатұлы да бар, - деп хабарлайды Polisia.kz.

2021 жылы қызметтік міндетін атқару кезінде полиция капитаны Архат Ракишев ауыр жарақат алған. Ол жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзып, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген жүк көлігін тоқтату барысында жарақат алып, өз міндетіне адалдығын көрсетті.

Полиция қызметкерінің бұл әрекеті – қызметтік борышына беріктік пен нағыз батылдықтың, азаматтардың қауіпсіздігі үшін өз өмірін қатерге тіге білудің айқын үлгісі.

Ал бүгін оның ұлы Алихан үшін өміріндегі жаңа кезең басталды. Кеше ғана балабақша тәрбиеленушісі болса, енді ол білім әлеміне алғашқы қадамын жасап, мектеп табалдырығын аттады.

Салтанатты жиынға қатысқан Астана қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Ержан Әділбеков Алиханды және барлық бірінші сынып оқушыларын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

- Жаңа оқу жылы жаңа мүмкіндіктердің, жарқын жетістіктер мен үлкен жеңістердің бастауы болсын. Әрбір оқушыға білім жолында табандылық, ізденіс, биік мақсат және лайықты нәтижелер тілеймін. Ұстаздардың еңбегі жемісті болып, шәкірттерінің жетістігі қуаныш сыйласын, – деді Ержан Әділбеков.

Бүгін бір бала үшін алғашқы қоңырау ғана емес, үлкен арманға бастар алғашқы қадам жасалды. Ал батырдың ұлы үшін бұл күннің мәні тіпті ерекше. Әкесінің ерлігі – оның жүрегінде мақтаныш, ал бүгінгі алғашқы қадамы – сол ерліктің жалғасындай.

Білім жолы басталды. Ал алда – жаңа достар, алғашқы жетістіктер, үлкен армандар мен жарқын болашақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру