Абай облысында мемлекеттік қарызгерлерді іздестіру жұмыстары жүргізілуде
Абай облысында мемлекеттік қарызгерлер мен алимент төлемей жүргендерді іздестіру жұмыстары жүргізілуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың басынан бері Абай облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы мен оның аумақтық бөлімшелеріне мемлекеттік қарызгерлер мен алимент төлемей жүргендерді іздеуге жариялау жөнінде прокурормен санкцияланған 209 қаулы түсті.
Құжаттар түскеннен кейінгі үш жұмыс күні ішінде 129 адамның тұрған жері іздестіру ісін қозғамай-ақ анықталды. Тағы 80 борышкер республикалық және мемлекетаралық іздестіруге жарияланды.
Іздестіру іс-шаралары барысында 35 адамның тұрған жері анықталып, тиісті ақпарат сот орындаушыларына атқарушылық өндірісті одан әрі орындау үшін жолданды.
Полиция қызметкерлерінің атап өтуінше, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі әрі кешенді сипатқа ие. Абай облысының көші-қон қызметі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, қарыздарды өндіріп алу және алимент төлемейтіндерді жауапкершілікке тарту бойынша жұмысты жалғастыруда.