Абай облысында полицейлер жәбірленушілерге 17,8 млн теңге қаражатын қайтарды
Абай облысында жыл басынан бері жүздеген алаяқтық дерегі ашылып, жәбірленушілерге 17,8 миллион теңге қайтарылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында биылғы жылдың басынан бері 756 алаяқтық дерегі тіркелді. Жүргізілген мақсатты жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 113 қылмыстық іс аясында 22 күдікті қолға түсті.
"Антифрауд" жүйесі арқылы 26 млн 228 мың теңге бұғатталып, қылмыскерлердің иелігіне өтіп кетуіне жол берілмеді. Сонымен қатар жәбірленушілерге 17 млн 800 мың теңге қайтарылды. Бұл – атқарылып жатқан жұмыстың нақты нәтижесі.
Алаяқтыққа қарсы күрес қатаң әрі жүйелі жүргізілуде. Әрбір қылмыстық іс жіті бақылауға алынып, кінәлілер заң алдында жауап беруде.
Абай облысының полиция департаменті тұрғындарды барынша қырағы болуға, күмәнді қоңыраулар мен интернет-хабарламаларға сенбеуге және алдау әрекеттерінің кез келген түрі жайлы дереу полицияға хабар беруге шақырады.