Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада ер адамнан синтетикалық есірткі тәркіленді

Елордада ер адамнан синтетикалық есірткі тәркіленді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Астанада республикалық “Қарасора” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері 27 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ол синтетикалық есірткі заттарын сақтап, таратумен айналысқан.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті бөлек пәтер жалдап, оны тыйым салынған заттарды сақтайтын қойма ретінде пайдаланған. Тінту кезінде полицейлер 300-ден астам ақ ұнтақ тәрізді зат салынған полиэтилен түйіншектерін, сондай-ақ ерекше иісі бар ұқсас зат құйылған пластикалық ыдыстар мен электронды таразыларды тәркіледі.

Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған заттар синтетикалық есірткі болып шықты — 1,5 келіден астам мефедрон және 0,5 келі альфа-PVP.

Тергеу деректеріне сай, ұсталған ер адам ұйымдасқан есірткі сату тізбегінің бір бөлігі болған. Ол “қоймашының” рөлін атқарып, партияны сақтауды қамтамасыз еткен. Ал есірткі сату интернет-ресурстар арқылы, “оператордың” нұсқауымен жүзеге асырылған. Өз қызметі үшін күдіктіге төлем электронды аударымдар арқылы жасалған.

Қазіргі уақытта ұсталғанға қатысты қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайын және өзге де қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция азаматтарды қырағы болуға және есірткінің заңсыз айналымы туралы деректерді бірден “102” нөміріне немесе мобильді қосымша арқылы хабарлауға шақырады.

Профилактика мен белсенді азаматтық ұстаным — есірткі қылмысына қарсы күрестің маңызды бөлігі. Тек полиция мен қоғамның бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана болашағымызды есірткі қатерінен қорғауға болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру