Абай облысында есірткі жарнамалары бар граффити жазулары боялды
Абай облысында есірткі жарнамалары бар граффити жазулары боялды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері “Соц KZ” қоғамдық қорымен бірлесіп, қала көшелеріндегі наркограффитиді бояу акциясын өткізді.
Іс-шараның мақсаты — қалалық ортада есірткі құралдарының таралуына және үгіт-насихатқа қарсы тұру, сондай-ақ халықтың есірткі қылмысына деген төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру.
Акцияның ерекшелігі — бұған дейін есірткі қылмысы үшін сотталған, бүгінде салауатты өмір салтын ұстанып, волонтерлікпен белсенді айналысып жүрген адамның қатысуы болды. Оның жеке мысалы — әлеуметтік оңалтудың мүмкін екендігінің және әрбір адамға екінші мүмкіндік берудің маңыздылығының айғағы.
Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі инспекторы Гаухар Еспаева осындай іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
— Есірткі қатеріне қарсы күресті тоқтату жалғыз полицияның ғана күшімен мүмкін емес. Мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және азаматтардың бірлескен жұмысы маңызды. Тек бірлесе отырып қана біз жастарды және елдің болашағын есірткінің жойқын ықпалынан қорғай аламыз, — деді Гаухар Еспаева.
Полиция департаменті есірткі қылмысының алдын алудың кешенді тәсілінде қоғамдық бірлестіктермен және белсенді тұрғындармен ынтымақтастық маңызды рөл атқаратынын атап өтті.