Халыққа жақын полиция: учаскелік инспекторлардың қайырымдылық істері
Қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – полиция қызметінің басты міндеттерінің бірі. Дегенмен, тәртіп сақшыларының жұмысы тек заңдылықты қадағалаумен немесе құқық бұзушылықтың алдын алумен шектелмейді. Олар күнделікті қызмет барысында халықтың жанашыры, әлеуметтік қолдаушысы бола білетінін нақты істерімен дәлелдеп келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі уақытта республика көлемінде өтіп жатқан "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы – осының айқын көрінісі. Бұл шара аясында учаскелік полиция инспекторлары өздерінің қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып қана қоймай, тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, құқықтық кеңес беріп, мұқтаж жандарға жан-жақты қолдау көрсетуде. Бұл – полиция қызметінің тек қана құқықтық салада емес, қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті де терең сезінетінін көрсететін игі қадам.
Атырау облысының Құрманғазы, Махамбет, Жылыой, Исатай аудандарының учаскелік инспекторлары соңғы жылдары әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы отбасыларға жүйелі түрде көмек көрсетіп келеді. Тәртіп сақшылары қайырымдылықты дәстүрге айналдырып, көптеген отбасыларға азық-түлік, дәрі-дәрмек және тұрмыстық қолдау ұйымдастырды.
Мәселен, Құрманғазы ауданында учаскелік инспекторлар жыл сайын бірнеше рет жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созып, олардың күнделікті қажетіне қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмектер жеткізіп беруді әдетке айналдырған.
– Адамдарға қолдау көрсетуді жария үшін емес, ең алдымен азаматтық әрі адамдық парызым деп білемін. Қызметтік міндетім – құқық бұзушылықтың алдын алып, қоғамдық тәртіпті сақтау болса, азамат ретіндегі міндетім – қолымнан келгенше көмек көрсету. Қоғамдағы әрбір жанға мейірім мен жанашырлық қажет. Сондықтан тұрғындардың сенімін ақтау – басты ұстанымым, – дейді Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Ренат Мукашев.
Ал Жылыой ауданында инспекторлар қарапайым тұрмыстық деңгейде де жәрдемдесіп келеді.
- Ауданымда әлеуметтік жағдайы төмен отбасы бар. Сол отбасының тұрмысын ескеріп, киім-кешектер апарып беремін. Бұл – олардың қажеттілігін аз да болса өтеу мақсатында жасалып отырған қамқорлығым. Осындай қарапайым қолдау да отбасы үшін үлкен демеу болады деп білемін, – дейді мұндағы учаскелік полицейдің бірі.
Махамбет пен Исатай аудандарында да полиция қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, қарттарға және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетуді дәстүрге айналдырған. Олар жалғызбасты аналардың баспанасын жөндеуге атсалысып, тұрмыс жағдайын жақсартуға үлес қосып жүр. Осындай игі істер арқылы тәртіп сақшылары тұрғындардың ризашылығына бөленуде.
Әрбір жасалған қайырымдылық – тұрғындарға деген құрмет пен ықыластың белгісі ғана емес, сонымен бірге полиция мен халық арасындағы сенімді нығайта түсетін маңызды қадам.