Қызылордада 80 сотталған арнайы колледждерге қабылданды
Қызылордада 40 жастағы сотталған студент атанды, - деп хабарлайды Poisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінде 2025–2026 оқу жылына 80 сотталған арнайы колледждерге қабылданды. Енді олар жаза мерзімін өтей жүріп, кәсіптік білім алып, маман иесі болуға мүмкіндік алды.
Атап айтқанда, Смағұл Ысқақов атындағы "Қызылорда құрылыс және бизнес" колледжі – ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері мамандарын даярлауда. М. Саламатов атындағы "Қызмет көрсету және сервис" колледжі – тігінші мамандықтары, ал М. Ықсанов атындағы Қызылорда техникалық ІТ жоғары колледжінде сотталғандар дәнекерлеу ісін меңгеруде.
Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы Айдана Абдреимованың айтуынша мамандық иесі атанған азаматтар жаза мерзімі аяқталғанға дейін мекеменің өндірістік аумағындағы жеке кәсіпкерлерге жұмысқа орналаса алады. Бұл оларға жалақы табуына , қылмыстық іс бойынша келтірілген шығындарын өтеуге, сонымен бірге туыстарына материалдық қолдау көрсетеді.
– Мен бұрын мамандық ала алмағанмын. Жасым 40-та. Білім алудың ерте кеші жоқ деп ойлаймын. Жоғары білімім де жоқ. Қазір осында жүріп, дәнекерлеуші болып оқып жатырмын. Ертең бостандыққа шыққанда қолымда дипломым болатынына қуаныштымын. Бұл маған жаңа өмір бастауға үлкен мүмкіндік береді, – дейді колледж студенті атанған сотталғандардың бірі.