Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер алаяқтардың құрбаны болмаудың жолдарын түсіндірді

Павлодарда полицейлер алаяқтардың құрбаны болмаудың жолдарын түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысында қашықтан жасалатын алаяқтықтың алдын алу мақсатында аймақтық коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өтті.

– Елімізде цифрландыру қаншалықты дамыса, киберқылмыс та соғұрлым артып келеді. Әр күні жаңа алдау тәсілдері пайда болып, азаматтардың қомақты қаржылық шығынға ұшырауына себеп болуда. Мәселен, егер 2024 жылы облыс тұрғындары алаяқтарға 2 миллиард теңгеден астам қаражат жоғалтса, биыл бұл көрсеткіш 3 миллиард теңгеден асып отыр, – деді Павлодар облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Әбетжанов.

Спикердің айтуынша, алаяқтардың негізгі мақсаты – азаматтардың қаражатын немесе жеке деректерін қорқыту не алдау арқылы иемдену.

Ол сондай-ақ 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда "дропперлікке" қатысты жаңа қылмыстық жауапкершілік күшіне енетінін атап өтті. Дропперлер – киберқылмыскерлерге заңсыз жолмен алынған ақшаны аударуға жәрдемдесетін адамдар. Бұл қылмыс үшін ең жоғары жаза – мүлкін тәркілеумен қатар жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Кездесу барысында полицейлер тұрғындарға алаяқтардың құрбаны болмаудың негізгі жолдарын да түсіндірді:

1414-тен келген SMS-кодты бөгде адамға айтып қойсаңыз, абыржымаңыз. Бір ғана кодпен несие рәсімдеу мүмкін емес. Бұл – фишинг деп аталады;

Ақшаны күмәнді есепшоттарға аудармаңыз;

Пәтеріңізді ешкімнің қысымымен сатпаңыз;

Жинағыңызды жалған инвестициялық жобаларға салмаңыз – ол қаражат қайтарылмайды;

Тауарды алдын ала төлем жасамай тұрып мұқият тексеріңіз;

Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, өйткені қаскөйлер сол арқылы шоттағы барлық қаржыңызды шешіп алуы мүмкін;

"Жеңіл табыс" үшін банктік картаңызды ешкімге бермеңіз.

– Кез келген күмән туындаса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажет. Алаяқтардан қорғанудың ең сенімді жолы – бейтаныс нөмірлермен сөйлеспеу және кез келген шешім қабылдар алдында ақпаратты мұқият тексеру, – деп қорытындылады Асхат Әбетжанов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру