Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда бет-әлпетті жабатын киімдерге қатысты заң талаптары түсіндірілді

Атырауда "Учаске" іс-шараны аясында бет-әлпетті жабатын киімдерге қатысты заң талаптары түсіндірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

12 шілдеден бастап Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін толықтай жабатын киімдерді киюге тыйым салатын заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Осыған байланысты Атырау қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлері республика көлемінде өтіп жатқан "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында "Keremet park" отбасылық ойын-сауық паркінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Акция барысында 300-ге жуық азаматқа жаңа нормалардың мәні мен мақсаты түсіндірілді. Полицейлердің айтуынша, бұл талаптар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде діни сенім еркіндігін шектемейді. Ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, тұлғаны тануды жеңілдетуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.

– Жаңа талаптар – қоғамдық қауіпсіздікті күшейту жолындағы маңызды қадам. Түсіндіру жұмыстары кезінде біз тұрғындарға олардың құқықтарының толық сақталатынын айта отырып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тұлғаны танудың маңызы зор екенін жеткізудеміз. Бұл шектеулер ешкімнің діни сеніміне немесе жеке көзқарасына қол сұқпайды. Керісінше, басты мақсат – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және төтенше жағдайларда тұлғаны анықтауды жеңілдету. Сондықтан қала тұрғындарын жаңа нормаларды түсіністікпен қабылдап, ортақ қауіпсіздікке үлес қосуға шақырамыз, – деді №12 учаскелік полиция пунктінің инспекторы Жеткіншек Серіков.

Тәртіп сақшылары атап өткендей, тыйым тек тұлғаны толықтай тануға кедергі келтіретін киімдерге ғана қатысты. Мәселен, бетперде мен никаб осы санатқа жатады. Ал бет-жүзді жаппайтын дәстүрлі киімдер – хиджаб, шейла, химар, аль-амира сияқты үлгілерге бұл шектеу қолданылмайды. Сондай-ақ ауа райына байланысты, медициналық қажеттілік кезінде, заң талаптарын орындау барысында немесе қызметтік, спорттық және мәдени іс-шараларда пайдаланылатын киімдер аталған нормадан тыс.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру