Алматыда "Учаске" республикалық акциясы жалғасуда: басты назар – алдын алу мен қауіпсіздікте
Алматыда "Учаске" республикалық акциясы жалғасуда: басты назар – алдын алу мен қауіпсіздікте, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында өтіп жатқан республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері күн сайын тұрғындармен тығыз жұмыс жүргізіп, құқықтық тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтарға қолдау көрсетуге басымдық беруде.
Соңғы күндері тәртіп сақшылары ондаған мың пәтер мен жеке үйді аралап шықты. Ерекше назар есепте тұрған азаматтарға, қару иелеріне, жалға берілетін пәтерлерге, қолайсыз отбасылар мен кәмелетке толмағандарға аударылды.
Шара барысында көші-қон заңнамасының бұзылуы, тіркелмеген тұрғын үйді жалға беру деректері, қару сақтау ережелерін сақтамау және есірткі жарнамалары анықталды. Барлық фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданды.
– "Профилактика жылы" бекер жарияланған жоқ. Осындай ауқымды науқандар арқылы полиция әрбір аулаға, әрбір пәтерге кіріп, құқықбұзушылықтардың алдын алады, проблемалық аймақтарды анықтайды және халыққа қолдау көрсетеді. "Заң және тәртіп" қағидаты – біздің қызметіміздің негізгі өзегі», – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Алматыда "Учаске" іс-шарасы жалғасын табады. Қамтылатын үйлер мен пәтерлердің саны күннен-күнге артып келеді. Полиция қала тұрғындарын белсенді ынтымақтастыққа, құқықбұзушылықтар туралы дер кезінде хабарлауға және қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосуға шақырады.