Ұлттық ұланның әскери қызметшісі бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
4-14 қыркүйек аралығында Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында бокстан әуесқойлар арасындағы алғашқы әлем чемпионаты өтіп жатыр. World Boxing ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған жарыста ерлер мен әйелдер арасында 20 салмақ дәрежесінде медальдар сарапқа салынуда, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Ұлттық ұланның спорттық командасының өкілі ефрейтор Назым Қызайбай сәтті өнер көрсетті. Ол ширек финалда украиналық спортшы Анна Охотаны 5:0 есебімен сенімді түрде ұтса, жартылай финалда өзбекстандық Сабина Бобокулованы тізе бүктірді.
Ал алтын жүлде үшін шешуші кездесуде қазақстандық спортшы үндістандық Минакши Минакшимен жұдырықтасты. Алғашқы раунд қарсыластың пайдасына шешілсе, екінші раундта Қызайбай аздаған басымдықпен жеңіске жетті. Дегенмен, үшінші раундта Минакши басым түсіп, жалпы жеңісті иеленді.
Осылайша, ефрейтор Назым Қызайбай 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Айта кетейік, Ұлттық ұланның тағы бір әскери қызметшісі – қатардағы жауынгер Виктория Графеева да 60 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Ол жартылай финалда бразилиялық Ребекка Де Лима Сантосқа есе жіберді.
Сонымен қатар бұған дейін Ұлттық ұлан сапында мерзімді әскери қызмет атқарған Санжар Тәшкенбай 50 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Ол құқықтық тәртіп әскерінің 5571 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеген. Осылайша, ол бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы атанып отыр.