Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында "Қауіпсіз жол" іс-шарасы өтіп жатыр

Павлодарда "Қауіпсіз жол" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында тәулік ішінде 8 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, жолдардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Павлодар облысында республикалық "Қауіпсіз жол" жедел-алдын алу іс-шарасы жалғасуда.

Шараның алғашқы тәулігінде тәртіп сақшылары 7 284 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, олардың жолын кесті. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілердің 11 автокөлігі айыптұраққа қойылды.

Анықталған заңбұзушылықтар қатарында: мемлекеттік тіркеу нөмірінің болмауы, сақтандыру полисінің жоқтығы, көлікті мас күйде басқару, маневр жасау ережелерін сақтамау, апатты жағдай туғызу, көлікті заңсыз қайта жабдықтау, бағдаршамның қызыл шамына өтіп кету сияқты фактілер бар.

Мәселен, Павлодар қаласындағы Малайсары Батыра – Ростов көшесінде Lada Granta көлігі тоқтатылып, тексеру барысында жүргізушінің лицензиясыз жолаушы тасымалдап, тіркелмеген кәсіпкерлікпен айналысқаны белгілі болды.

Тағы бір жағдайда Торайғыров көшесінде Toyota көлігін мемлекеттік тіркеуден өткізбей басқарған жүргізуші ұсталды. Ал Дюсенов көшесінде Lexus GS–300 маркалы көлікті жүргізген азамат көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған. Оның көлігі айыптұраққа қойылды. Барлық құқық бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылды.

Павлодар облысының полиция департаменті көлік жүргізушілерін де, жаяу жүргіншілерді де жолдағы тәртіпке салғырт қарамауға шақырады. Өзара сыйластық пен заңды құрметтеу – бәріміздің қауіпсіздігіміздің кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру