Ақтөбе облысында мас күйінде көлік басқарған екі мотоцикл жүргізушісі ұсталды
"Қауіпсіз жол" іс-шарасы барысында Ақтөбе облысында мас күйінде көлік басқарған екі мотоцикл жүргізушісі ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысында республикалық "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Оның барысында полицейлер мас күйінде көлік басқарған бірнеше жүргізушіні анықтады.
Мәртөк ауданының тәртіп сақшылары тоқтатқан мотоциклді жергілікті 47 жастағы тұрғын басқарғаны белгілі болды. Тексеру кезінде оның көлікті алкогольдік мас күйінде жүргізгені анықталды.
Сондай-ақ Алға ауданында Ақтөбе–Астрахань тасжолында полиция қызметкерлері ауыл тұрғыны басқарған мотоциклді тоқтатты. Ол да рөлге мас күйінде отырған болып шықты.
Аталған азаматтарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айыру және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қарастырылуда.
Тек бір тәуліктің ішінде облыс жолдарында мас күйінде көлік басқарған 9 жүргізуші анықталды. Олардың үшеуі бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан көлік тізгініне отырған.
Ақтөбе облысының полиция департаменті көлік құралын мас күйінде басқару – жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына төнетін үлкен қауіп екенін ескертеді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолдардағы тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында "Қауіпсіз жол" іс-шарасы аясындағы рейдтер жалғасуда.