Заң мен тәртіп: көлік полицейлері атыраулық студенттермен кездесті
Көлік полицейлері Атырау қаласындағы студенттерге дропперлік, есірткі құқық бұзушылықтары және өзге де заңға қайшы әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетіні туралы айтты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Семинар-кеңес ІІМ көліктегі полиция департаментінің бастамасымен ұйымдастырылды. Іс-шараға ІІМ тергеу департаментінің өкілдері, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Іс-шараға қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ішкі істер органдарына жүктеген басым бағыттарды кеңінен талқылады. Солардың бірі – киберқылмыстың алдын алу. Полицейлер студенттерге банктік шотқа қолжетімділікті басқа адамға беру және онлайн-алаяқтықпен байланысты өзге де заңсыз әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгенін хабарлады.
— Кездесудің басты мақсаты – жастар арасында “Заң мен тәртіп” қағидатын орнықтыру, – деді іс-шара ұйымдастырушылары.
Көліктегі полиция департаментінің тергеу және желілік бөліністеріндегі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері де студенттерге кибер және есірткі құқық бұзушылықтарының құрбанына айналмауға көмектесетін шаралар туралы жан-жақты айтып берді. Сонымен қатар мамандар полиция жұмысына цифрлық технологияларды енгізу тәжірибелерімен бөлісті.
Полицейлер студенттерді ішкі істер органдарында қызмет етуге шақырды. Құқықтық тәртіпке бейжай қарамайтын және оған өздерінің азаматтық ұстанымдарын танытқан ең белсенді студенттерге шақыру хаттары табысталды.
Айта кету керек, 2024 жылдың өзінде ғана Ішкі істер министрлігіне екі мыңнан астам түлек жұмысқа қабылданған, оның шамамен 200-і көліктегі полиция департаментіне қызметке келген.