Тәртіп сақшылары Азия чемпионатының жүлдегерлері атанды
Тәртіп сақшылары Азия чемпионатының жүлдегерлері атанды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылдың 8–11 қыркүйегі аралығында Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласында арнайы бөлімше қызметкерлері арасында кәсіби шеберлікке арналған Азия чемпионаты өтті. Бұл халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекеге Азия құрлығының әр түкпірінен келген үздік спортшылар қатысып, өз елдерінің намысын қорғады. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құрама командасы сапында сынға түскен спортшылардың қатарында Абай облысы полиция департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасақ (ЖҚАЖ) қызметкерлері де болды. Олар ел абыройын асқақтатып, жарыс қорытындысында жүлделі орындарға ие болды.
Атап айтқанда, Абай облысы ПД ЖҚАЖ аға инспекторы Саят Трусбеков кикбоксингтен жоғары деңгейде өнер көрсетіп, барлық қарсыластарынан басым түсіп, финалдық сында күміс жүлдені жеңіп алды. Бұл – оның ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен табанды еңбегінің жемісі ғана емес, сондай-ақ еліміздегі ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби және физикалық тұрғыдан жоғары дайындықта екенін көрсетеді. Ал Абай облысы ПД ЖҚАЖ инспекторы Мейір Көшкінбаев еркін күрестен өнер көрсетіп, қола жүлдеге қол жеткізді. Жарыс барысында ол тәжірибелі қарсыластарымен күресте мықты шеберлік пен табандылық танытып, ел намысын лайықты қорғап шықты.
Халықаралық деңгейдегі бұл жетістіктер — жекелеген спортшылардың ғана емес, олардың артында тұрған бапкерлер мен жаттықтырушылардың, қолдаушылар мен ұжымның ортақ еңбегінің нәтижесі. Осы орайда Абай облысы полиция департаменті мен ҚР Ішкі істер министрлігінің “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамының облыстық филиалы өз қызметкерлерінің мұндай жоғары дәрежелі жарыстарда табысты өнер көрсетуін зор мақтанышпен қабылдады.
Айта кету керек, халықаралық жарыстан оралған капитандар Саят Трусбеков пен Мейір Көшкінбаевтың бұл жетістігі – олардың ел намысын қорғап қана қоймай, құқық қорғау саласында қызмет ететін мамандардың жан-жақты дамыған, дене дайындығы жоғары, рухы биік тұлғалар екенін көрсетеді.
Саят Трусбеков пен Мейір Көшкінбаевтың ІІМ құрама командасы құрамында халықаралық аренада қол жеткізген бұл табысы – Қазақстан полициясының беделін көтеріп, ел намысын қорғаудағы жауапкершіліктің үлгісі болды. Мұндай жетістіктер еліміздегі жас мамандарға серпін беріп, ішкі істер органдарындағы спорт пен кәсіби шеберліктің қатар дамып келе жатқанын айғақтайды.