Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да отбасылық-тұрмыстық қылмыстарға қарсы шаралар күшейтілді

ШҚО-да отбасылық-тұрмыстық қылмыстарға қарсы шаралар күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі таңда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық елдегі ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі болып отыр. Жаңа заңдар мен қорғау жүйесінің кеңейтілгеніне қарамастан, әйелдер мен балалар әлі күнге дейін өз отбасыларында агрессияның құрбанына айналуда.

Соңғы заңнамалық өзгерістер құқық бұзушыларға қарсы жауапкершілікті күшейтіп, полицияға жедел әрекет етуге мүмкіндік берді. Енді қылмыстық істер тек жәбірленушілердің арызы бойынша ғана емес, оқиға фактісі бойынша да қозғалады, яғни куәгерлердің айғақтары немесе бейнекамера жазбалары да жеткілікті. Соңғы шешімді сот қабылдайды. Маңыздысы — тараптардың қайта татуласуына жол берілмейді: жәбірленуші қысымға шыдап, арызын қайтарып алса да, агрессор жауапкершіліктен босатылмайды.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, көптеген жәбірленушілер әлі де болса, зорлық көрсеткендерді кешіріп, оларды қорғауға дайын. Сонымен қатар полицияның профилактикалық жұмысы күшейтілген. Облыстағы тұрмыстық құқықбұзушылықтардың жартысынан астамы жәбірленушілердің арызынсыз, полицияның өз бастамасымен анықталады.

- Биылдың өзінде 3 мыңнан астам қорғаныс нұсқамасы шығарылды. Ішімдікпен күреске ерекше көңіл бөлінуде: отбасындағы ауыр қылмыстардың көбі алкогольдің салдарынан жасалады. Заң бұзушыларға шектеу шаралары жиі қолданылуда, оның ішінде алкоголь ішуге тыйым салу да бар, - деді ШҚО ПД ЖПҚБ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Алена Мокина.

Өңірде әйелдер мен балаларға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсететін дағдарыс орталықтары мен баспаналар желісі жұмыс істейді. Өскемен, Алтай және Шемонаиха қалаларында уақытша паналау орындары бар, онда зардап шеккендер 6 айға дейін тұра алады.

Осы кезеңде мамандар олардың психоэмоциялық жағдайын қалпына келтіруге, тұрмыстық және әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектеседі.

- 2025 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысында отбасылық зорлық-зомбылық бойынша 3 мыңнан астам арыз тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда аз. Дағдарыс орталықтарына 2 793 азамат жүгінген, олардың ішінде 84 әйел уақытша баспаналарға орналастырылды, – деді А.Мокина.

Оң динамикаға қарамастан, мәселе тек полиция мен дағдарыс орталықтарының араласуын ғана емес, қоғамның назарын да қажет етеді. Отбасындағы зорлық-зомбылық – бұл жеке бастың шаруасы емес, тұтас ұрпақтың болашағын күйрететін қылмыс.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру