Қарағандыда "Заң мен тәртіп" қағидатын насихаттауға арналған саптық таратылым өтті
Қарағандыда "Заң мен тәртіп" қағидатын насихаттауға арналған саптық таратылым өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласының орталық мәдени және демалыс саябағында "Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыру мақсатында полиция қызметкерлерінің қатысуымен кең ауқымды саптық таратылым өтті. Іс-шараға еріктілер, қоғамдық ұйым өкілдері, полицияның ерікті көмекшілері, "Жас сақшы" және "Жас сарбаз" сыныптарының оқушылары қатысты.
Шара барысында сөз алған Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров қоғамдағы заңдылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде азаматтық белсенділіктің маңыздылығына тоқталды.
- Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ел ішінде "Заң мен тәртіпті" нығайту жөнінде нақты міндеттер қойған болатын. Қоғамдық тәртіпті сақтауда полициямен қатар, бүгінгі сапта тұрған еріктілер, оқушылар мен қоғам белсенділерінің үлесі зор. Сіздердің бірлескен еңбектеріңіз облысымыздағы қауіпсіздікті арттыруға үлкен септігін тигізеді деп сенемін, - деді Жасқайрат Қайыров.
Сондай-ақ жиында Қазыбек би аудандық прокуратурасының өкілдері мен Жастар саясаты орталығының басшысы сөз сөйлеп, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудың маңызына назар аударды.
Белсенді азаматтық ұстаным танытып, полиция қызметіне қолдау көрсеткен бірқатар еріктілер мен оқушылар департамент бастығының грамоталарымен марапатталды. Солардың бірі - Б.Момышұлы атындағы №77 мектептің 11-сынып оқушысы Бейбіт Нұрәлі Нұрланұлы.
- Полиция департаменті бастығының грамотасымен марапатталу - мен үшін үлкен құрмет. Біз мектеп ішінде құқық бұзушылықтың алдын алып, қауіпсіздікті сақтау үшін учаскелік полиция инспекторымен бірлесе жұмыс істейміз. Болашақта өз өмірімді осы салаға арнап, еліме қызмет еткім келеді, - деді жас сарбаз.
Саптық таратылымнан кейін полиция қызметкерлерімен бірге еріктілер қала тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар есірткі қылмыстарының алдын алу, жол қауіпсіздігін сақтау және алаяқтықтан қорғану бағытында арнайы жадынамалар таратты.
Айта кету керек, бүгінде Қарағанды облысында полициямен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін 150 еріктілер ұйымы (үш мыңнан астам адам), 6 студенттік жасақ, 25 қоғамдық кеңес, сондай-ақ "Жас сақшы" және "Жас сарбаз" қозғалыстары белсенді қызмет атқаруда. Олардың қолдауымен жыл басынан бері 64 қылмыс ашылып, 324 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Құқық қорғау органдарына көрсеткен көмегі үшін 200-ге жуық азамат марапатталған.
"Заң мен тәртіп - баршамыздың ортақ міндетіміз" қағидаты аясында өткізілген бұл іс-шара жастарды құқықтық мәдениетке тәрбиелеуге, азаматтарды ел қауіпсіздігі жолындағы ортақ іске жұмылдыруға бағытталды.