Абай облысында полиция мен қоғам белсенділері рейд өткізді
Абай облысында полиция мен қоғам белсенділері рейд өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
“Қауіпсіз жол” жедел профилактикалық іс-шарасы аясында Абай облысының полиция қызметкерлері автокөлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтау фактілерін анықтау бойынша рейд өткізді. Іс-шараға азаматтық қоғам өкілдері — автокөлік жүргізушілерінің қоғамдық бірлестігінің басшысы Болат Жүнісбаев пен Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қолдау орталығының Абай облысы бойынша басшысы Серік Байғалиев қатысты.
Рейдтің басты мақсаты — техникалық талаптарға сай келмейтін және жол қозғалысына қауіп төндіретін, заңсыз орнатылған шамдар мен жарықтандыру құрылғыларын, әсіресе жарықдиодты (LED) шамдарды қолдануға жол бермеу болды.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай шамдар, әсіресе түнгі уақытта, қарсы бағыттағы жүргізушілердің көзін қарықтырып, жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін. Тек осы рейд барысында ғана 50 жүргізуші көлік құралын заңсыз қайта жабдықтағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Жүргізушілерге кез келген көлік конструкциясындағы өзгеріс міндетті түрде техникалық сараптамадан өтіп, тіркелуі қажет екені ескертілді.
Оқиға орнында жүргізушілерге көлік құралын айып тұрағына жібермеу үшін заңсыз жабдықтарды алып тастау ұсынылды. Көпшілігі бірден келісіп, жарық шамдарын орнында шешіп тастады.
Заңсыз тюнинг — жай сәнқойлық емес, ол жол-көлік оқиғаларының артуына себеп болатын маңызды фактор.
— Жол қозғалысы қауіпсіздігі — баршамызға ортақ міндет. Әрбір жүргізуші стиль мен жайлылықты өзге жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірмеуі тиіс екенін түсінуі керек. Заң бәріне ортақ, — деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Аталған бағыттағы рейдтер жалғасатын болады. Жолдағы құқық бұзушылықпен күресте алдын алу, түсіндіру жұмыстары мен қатаң бақылау — басты құрал.