"Қарасора - 2025": Атырауда есірткі айналымының алдын алу шаралары жүргізілді
Атырауда есірткі айналымының алдын алу шаралары жүргізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында "Қарасора-2025" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Іс-шара шеңберінде Атырау облысы полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығының мамандары Атырау гарнизонының әскери полиция бөлімшесіне тексеріс жүргізді. Арнайы үйретілген қызметтік және іздестіру иттері жұмыс кабинеттерін, қызметтік бөлмелерді, қоймаларды және ортақ пайдаланылатын аумақтарды мұқият қарап шықты. Әр бөлме кезең-кезеңімен тексеріліп, тыйым салынған есірткі заттарының бар-жоғы анықталды.
Басты мақсат – әскери құрылымдарға есірткі жеткізілуіне жол бермеу және өңірдегі заңсыз айналымның алдын алу.
Профилактикалық іс-шара нәтижесінде әскери полиция бөлімшесінен күдік тудыратын заттар табылған жоқ. Полиция аталған бағыттағы жұмыстардың күнделікті әрі тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.