Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Заманауи технологиялар мал ұрлығының алдын алуға көмектесуде

Жданов ауылында жылқышы қауіпсіздік мал иесіне байланысты екенін дәлелдеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай облысында полицейлер ауыл тұрғынының үлгісін көрсетті. Ол өз тәжірибесімен тәртіп, технология және жауапкершілік — мал ұрлығы мен оқыс оқиғалардың ең сенімді қорғанысы екінін дәлелдеді. Әңгіме Жданов ауылының тұрғыны - Бейімбет Әбдібеков туралы. Ол 15 жылдан астам уақыт бойы жылқы өсірумен табысты айналысып келеді және осы уақыт ішінде бірде бір малын жоғалтпаған.

Бейімбет өз ісін 2009 жылы бастады. Дәл сол жылы ол әкесінен 100 бас жылқыдан тұратын табынды мұраға алған. Содан бері ол мал басын ғана сақтап қоймай, шаруашылығын жаңа деңгейге көтерген.

— Құпиясы қарапайым: тәртіп қажет. Бізде қора да бар, бақташы да бар, GPS-трекер арқылы бақылау да жүргіземіз. Барлық жылқы тіркелген, әрқайсында таңба бар. Өйткені мал — ол да мүлік, иесі соған жауап береді, — дейді Бейімбет Әбдібеков.

Жылқыны бағып-қағу жағдайын Қостанай аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Ғалиханов жеке барып көрді. Ол жылқылардың жағдайымен танысып, жайылымның қалай ұйымдастырылғанын тексеріп, Әбдібековтің шаруашылығы барлық мал иелеріне үлгі бола алатынын атап өтті.

— Біз арнайы барып, жайылым мен күтімнің қалай ұйымдастырылғанын көрдік. Бәрі жақсы деңгейде: қора, бақташы, GPS-навигация, әр бас малдың есебі бар. Яғни, адамның іске шын ниетпен кіріскені көрініп тұр. Әрбір мал иесі дәл осылай жұмыс істеуі керек. Мұндай тәсіл — ұрлықтың да, басқа да оқиғалардың да ең сенімді алдын алу жолы, — деді Қостанай аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Ғалиханов.

Қауіпсіздіктің қазіргі әдістері малдың қозғалысын бақылап қана қоймай, табын шекарадан шығып кетсе де, ұрлық әрекеті секілді кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Мұның бәрі қауіпсіздікті едәуір арттырады және мал иесінің еңбегін жеңілдетеді.

Полиция департаментінің деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері Қостанай облысында мал ұрлығы 21,7%-ға азайған. Бұл — полиция жұмысының ғана емес, сенімді күзет тәсілдерін жиі қолдана бастаған ауыл тұрғындарының да саналы ұстанымының нәтижесі.

— Қауіпсіздік — тек полицияның міндеті емес, ол әр мал иесінің жеке жауапкершілігі. Біз профилактика жүргіземіз, кеңес береміз, көмектесеміз. Бірақ ең басты үлес — адамдардың өз мүлкіне ие болып, “әйтеуір болар” дегенге сенім артпай, қамқорлық танытуында, - деді Ғалиханов.

Полицейлер әрбір мал иесі жануарлардың дұрыс күтімін қамтамасыз етуге міндетті екенін еске салады. Бұл — олардың жолдарда қауіп тудырмауы және ұрылардың оңай олжасына айналмауы үшін қажет. Немқұрайлылық үшін әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Бейімбет Әбдібековтің тарихы — ауыл жағдайында да технологияны дәстүрмен тиімді ұштастыруға болатынының айқын дәлелі. Жауапкершілік, тәртіп және еңбегіне деген құрмет — шаруашылығын табысты әрі қауіпсіз еткен басты қағидалар.

— Жылқы — жай ғана мал емес, ол біздің өміріміздің бір бөлігі. Біз бала кезден олармен бірге өстік, сондықтан оларға өз жеріне, үйіне қалай қарасақ, солай қарау керек. Сонда ғана мәселе болмайды, — деп түйіндеді Бейімбет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру