Қызылордада сотталған әйелдерге арт-терапия арқылы қолдау көрсетілді
Қызылордада сотталған әйелдерге арт-терапия арқылы қолдау көрсетілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты 37-мекемеде абайсызда қылмыс жасап, жазасын өтеп жүрген азаматшалар бар. Оларға үнемі психологиялық көмек көрсетіліп, түрлі тренингтер ұйымдастырылады.
Бүгінгі күннің маңызды шараларының бірі – арт-терапия сабағы өтті. Мекеме психологы Ақгүл Аманова сотталған әйелдермен ашық әңгімелесіп, олардың жан дүниесін түсінуге тырысты. Қатысушылар түрлі суреттер салып, ішкі сезімдері мен ойларын бейнелеу арқылы бөлісті.
– Әйелдерге жиі тренинг өткіземін. Ерлерге қарағанда олар әлдеқайда нәзік, сезімтал әрі уайымшыл келеді. Көбі отбасындағы балалары үшін алаңдап жүреді. Сондықтан жеке мәселелері бойынша да жиі көмекке жүгінеді, – дейді психолог Ақгүл Аманова.
Шараға қатысқан әйелдердің бірі өз әсерімен бөлісті:
– Мұндай жаттығулар бізге рух береді. Көңіліміз сергіп, ойымызды сурет арқылы жеткізе аламыз. Балаларыма деген сағынышымды қағаз бетіне түсіргенде жеңілдеп қаламын. Ал психологпен сөйлескенде алдағы күндерге сенім пайда болады, – деді ол.
Арт-терапия мен тұрақты психологиялық қолдау сотталған әйелдердің қоғамға бейімделуіне, отбасына оралған соң жаңа өмір бастауына серпін бермек.