Қызылордада пробация есебіндегі азаматтар мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алды
Қызылордада пробация есебіндегі азаматтар мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласында пробация есебінде тұрған тағы төрт азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант иегері атанды.
Олар "Атамекен" кәсіпкерлік палатасының "Бастау Бизнес" жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып, мал шаруашылығы, шаштараз және клининг орталығын ашу бойынша бизнес-жоспарларын әзірледі. Нәтижесінде мемлекет тарапынан 1 млн 582 мың теңге көлеміндегі грантқа қол жеткізді.
Қызылорда қалалық пробация қызметінің бастығы Фариза Сембаеваның айтуынша, пробация есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсетіліп, жеке кәсіп ашуға жағдай жасалып келеді.
– Жыл басынан бері 5 сотталған мемлекеттен қайтарымсыз грант иеленсе, бүгін тағы 4 азамат бизнес-жоспарларын сәтті қорғап, грантқа қол жеткізді. Осылайша, жалпы 9 азаматқа сертификат табысталды. Пробация есебіндегі сотталғандардың жеке кәсіппен айналысуы олардың өмірге көзқарасын өзгертіп, қоғамға бейімделуіне айрықша ықпал етеді, – деді Фариза Сембаева.
Грант иегерлерінің бірі қуанышын жасыра алмады:
– Бизнес-жобам мақұлданып, мемлекеттен қайтарымсыз қаражат алғаныма өте қуаныштымын. Клининг орталығын ашуды жоспарлап отырмын. Қазіргі таңда бұл қызметке сұраныс жоғары. Жеке кәсіп бастауға мүмкіндік берген жергілікті атқарушы органдарға және Қызылорда қалалық пробация қызметіне алғыс айтамын, – деді ол.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында пробация есебіндегі азаматтар өз кәсібін дөңгелетіп, жаңа өмір бастауға жол ашуда. Бұл олардың қоғамға толыққанды бейімделуіне зор мүмкіндік беруде.