Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызмет пен спортты тоғыстырған тәртіп сақшысы

Қызмет пен спортты қатар алып жүрген тәртіп сақшысы қызметі жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы Саят Трусбеков – қызмет пен спортты қатар алып жүрген, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келе жатқан жас офицер. Оның өмір жолы – табандылықтың, тәртіп пен төзімділіктің үлгісі. Ол тек құқық қорғау саласында ғана емес, спорт әлемінде де ел намысын биік деңгейде қорғап жүрген азамат.

Саят Талғатұлы – кикбоксингтен екі дүркін Әлем чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Жас спортшы ретінде ол талай елдің мықты спортшыларымен додаға түсіп, байрақты бәсекелерде Қазақстанның көк туын көкке көтеріп, Әнұранымызды асқақтатты. Оның жеңістері – тек жеке жетістігі емес, ел мерейі мен жас ұрпаққа үлгі боларлық еңбек. Спорттағы мұндай жетістіктер тәртіп пен талапты қажет етеді. Саят бұл қасиеттерді бала кезінен бойына сіңірген.

1996 жылы дүниеге келген Саят – қазіргі уақытта екі баланың әкесі. Ол отбасы мен қызметтің, спорт пен азаматтық борыштың арасында тепе-теңдік сақтап, барлығына үлгеріп жүрген тұлғалардың бірі. Саяттың өмірлік ұстанымдары мен кәсіби таңдауы әкесінің жолын жалғап, Ішкі істер органдарына қызметке келуімен ерекшеленеді.

Саят Трусбеков 2021 жылы Ішкі істер органдарына қызметке қабылданып, бүгінде Абай облысы ПД-ның жылдам қимылдайтын арнайы жасағында ел тыныштығын сақтауға өз үлесін қосып келеді. Бұл – кездейсоқ шешім емес. Оның бұл жолды таңдауы – әкесі Ахметжанов Талғат Трусбековичтің өнегесімен тығыз байланысты.

Талғат Трусбекович – ішкі істер саласында ұзақ жылдар бойы адал қызмет атқарған ардагер. Қазіргі таңда полиция капитаны шенімен, Әуезов полиция бөлімінің учаскелік инспекторы лауазымында құрметті еңбек демалысына шыққан. Әке мен бала арасындағы осы сабақтастық, мамандыққа деген құрмет – отбасындағы тәрбиенің, жанұялық құндылықтардың айқын көрінісі.

Саяттың қызметі – тек күнделікті жұмыс емес, нағыз ерлік пен жауапкершілікті талап ететін сала. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ – кез келген төтенше жағдайларда бірінші болып әрекет ететін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде алғы шепте жүретін бөлімше. Мұнда тек мықты физикалық дайындық қана емес, рухани жігер, салқынқандылық пен кәсіби шеберлік қажет. Полиция аға лейтенанты осы талаптардың барлығына сай маман ретінде өз бөлімшесінің сенімді мүшесіне айналған.

Ал спорт шебері өз сөзін: "Әрине, спорттағы биік белестерге жету үшін күнделікті қажырлы еңбек, тәртіп, өз-өзіңді жеңе білу керек. Бұл қасиеттер – менің қызметімде де аса маңызды. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақта жұмыс істеу – ерекше дайындық пен батылдықты қажет етеді. Біз – қоғам тыныштығын күзетіп, төтенше жағдайларда алдыңғы шепте тұратын бөлімшенің қызметкерлеріміз. Осындай қызметте физикалық және психологиялық дайындық, шешім қабылдау шапшаңдығы, бірлік пен сенім – басты қағидалар" деп түйіндеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру