Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полицейлер тұрғынды алаяқтардың арбауынан сақтап қалды

Абай облысында полицейлердің жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында тұрғын алаяқтардың құрбаны болудан аман қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жарма ауданының тұрғыны белгісіз нөмірден қоңырау алып, өзін мемлекеттік қызметкер ретінде таныстырған адаммен сөйлескен. Ештеңеден күдіктенбеген әйел телефон арқылы әңгімелесіп, алаяқтардың нұсқауымен келген құпия кодты хабарлаған. Осылайша, ол өзінің жеке деректерін бөгде адамға беріп қойғанын аңғармай қалған. Алайда, біраз уақыт өткен соң, тұрғын жағдайдың күмәнді екенін түсініп, дереу Жарма аудандық полиция бөліміне жүгінген.

Полиция қызметкерлері әйелден ақпаратты алған бойда жедел әрекетке көшіп, оның банк шоттарын уақытылы бұғаттауға көмектесті. Нәтижесінде, алаяқтар рәсімдемек болған ірі көлемдегі несие дер кезінде тоқтатылды. Бұл оқиға алаяқтардың қандай күрделі схемаларды қолданатынын және азаматтардың әрдайым сақ болуы қажеттігін тағы бір дәлелдеді.

Жарма ауданының тұрғыны полиция қызметкерлерінің бей-жай қарамай, шұғыл және сауатты әрекет еткеніне шексіз ризашылығын білдіріп, оларға алғысын айтты. Сонымен қатар ол барша тұрғындарды абай болуға, бейтаныс адамдардан келген қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге шақырады.

Полиция ескертеді: жеке деректеріңізді, банк картасының мәліметтерін, SMS арқылы келген кодтар мен құпиясөздерді ешкімге бермеңіз. "Қауіпсіз шоттарға" ақша аудару – алаяқтардың кеңінен қолданатын айласы екенін есте сақтаңыз. Кез келген күмәнді жағдай туындаса, ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеріп, банкке немесе полицияға дереу хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру