Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да ҚАЖД қызметкерлері қарияға құрмет көрсетті

1 қазан – Қарттар күні қарсаңында Бөрлі аудандық пробация қызметінің қызметкерлері ауданның құрметті азаматы, медицина саласының майталманы Әли  Бектұрғановты арнайы құттықтап, ізгі тілектерін білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақ халқы үлкенді құрметтеп, қариясын қазынаға балаған. "Қариясы бар үй – қазынасы бар үй" деген бекер емес. Өйткені қария – өткеннің куәсі, бүгінгі күннің тәрбиешісі, ертеңгі ұрпаққа жол көрсететін шырақшы. Олардың жүріп өткен жолы – кейінгіге үлгі, сабыры – тәрбие, сөзі – өсиет. Әсіресе, ел үшін ерен еңбек етіп, қиын кезеңдерді бастан өткерген ардақты аталарымыз бен аналарымыздың орны қашанда бөлек.

1 қазан – Қарттар күні қарсаңында Бөрлі аудандық пробация қызметінің қызметкерлері ауданның құрметті азаматы, медицина саласының майталманы Әли Бектұрғановты арнайы құттықтап қайтты.

Әли Мыңжанұлы 1953 жылы 16 қарашада Қызылорда облысы Сексеуіл кентінде дүниеге келген. Мектепті тәмамдағаннан кейін Украинада әскер қатарында борышын өтеп, 1974-1981 жылдары Ақтөбе мемлекеттік медициналық университетінде білім алған. Еңбек жолын Маңғыстау облысының ауруханасында бастап, кейін Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданындағы “Қарашығанақ ГазПром” мекемесінің шақыртуымен 1992 жылдан бастап аудандық емханада түрлі лауазымдарда қызмет атқарған.

Тәжірибелі терапевт ретінде ол тек қана тұрғындарға емес, аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға да медициналық көмек көрсетіп, оларды тексеруден өткізген. Жұмысқа адалдығы мен кәсібилігі үшін Қазақстан Республикасы "Денсаулық сақтау ісінің үздігі" төсбелгісімен, БҚО ҚАЖ департаментінің "Құрмет" грамотасымен және басқа да марапаттармен иеленген.

Зейнет жасына шыққанымен, Әли Мыңжанұлы елге қызметін тоқтатпады. Қазіргі таңда Бөрлі ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық шаралардың бел ортасында жүр. Ол аудандық пробация қызметімен бірлесе отырып, жас ұрпаққа, сондай-ақ есепте тұрған азаматтарға өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтып келеді.

Бүгінде асыл жарымен бес бала тәрбиелеп өсірген, 15 немере мен 3 шөберенің сүйікті атасы атанған Әли Мыңжанұлы – үлкен әулеттің ғана емес, бүкіл ауданның қазынасына айналған тұлға.

Қарияларымыз – ұлттың тірегі. Оларды құрметтеу – біздің парызымыз. Себебі бала қарияға қарап өседі, ұрпақ солардың өнегесімен қалыптасады. Әр отбасында, әр қоғамда үлкенге ізет, кішіге құрмет болуы – мәңгілік құндылық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру