Талдықорғанда әкелердің қатысуымен тәрбиелік мәні зор жиын өтті
Талдықорғанда әкелердің қатысуымен тәрбиелік мәні зор жиын өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласындағы №18 мектепте ерекше әрі тәрбиелік мәні зор іс-шара – әкелер мен балалардың кездесуі ұйымдастырылды. Жиынның басты мақсаты – әкенің отбасындағы айрықша рөлін, баланың ата-анасының айнасы екендігін тағы бір мәрте айқындау болды.
Кездесу барысында қатысушыларға Жетісу облысындағы қылмыстық ахуал жөнінде ақпарат берілді. Полицейлер қылмыскерлерді ұстау мен оларды этаптау сәттерінен бейнематериалдар ұсынып, есірткі қылмысына қатысы бар жасөспірімге қатысты ашық сот процесінен нақты кадрлар көрсетті. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларынан кейінгі арнайы автотұрақтардағы жағдайлар назарға ұсынылып, ойланбай жасалған әрекеттердің ауыр салдарына нақты мысалдар келтірілді.
Жиын барысында кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілігі мен жол қауіпсіздігі мәселелері кеңінен талқыланды. Әкелер пікірталасқа белсене қатысып, өз ойларын ортаға салды. Олар полиция өкілдерімен бірге балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің түрлі жолдарын ұсынды.
Кездесудің соңғы бөлігі әкелер мен балаларды жақындастырып, өзара сенім мен бірлікті арттырған қызықты ойындармен жалғасты. Іс-шараға 60 әке мен 60 бала қатысып, ерекше әсермен тарқасты.
Полицейлер жиынды қорытындылай келе: "Болашақ әркімнің қолында. Әрбір әрекеттің салдары бар, ал дұрыс таңдау жасау – әр адамның өз жауапкершілігі", – деген ойды жеткізді.