Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ерлікке толы қызмет

Қыркүйектің соңғы жексенбісінде елімізде Еңбек күні аталып өтеді. Бұл мереке адал еңбекті дәріптеп, ел игілігі үшін аянбай тер төгіп жүрген жандарды ұлықтауға арналған, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Өз өмірін өзгелердің амандығына арнаған полиция қызметкерлерінің ерлігі – осы мерекенің мәнін айшықтайтындай.

Жезқазған қаласында жеті жыл бұрын болған оқиға ел есінде. Қала тұрғынының үйін өрт шарпыған сәтте полиция қызметкері Нұржан Дүйсенбек еш ойланбастан, қою түтін мен жалынның арасынан бес баланы және олардың анасын құтқарып қалды. Өмірін қатерге тіге тұра жасалған бұл әрекет – шынайы ерліктің үлгісі.

Жуырда тағы бір сақшы, Жезқазған қалалық полиция басқармасының ювеналдық полиция тобының учаскелік инспекторы Азат Есенғабылов кәсібилік пен жанқиярлық танытты. Ол автобуста есінен танып қалған жасөспірімге дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем келгенге дейін қолынан келгенін аянып қалмады.

Бұл оқиғалар – полиция қызметінің тек құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ғана емес, ең алдымен адам өмірін қорғау мен қоғамға қызмет ету екенін көрсетеді. Ел үшін еткен ерен еңбек пен жанқияр ерлік – нағыз Еңбек күніне лайық өнеге.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру