Павлодар облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді
Павлодар облысында полицейлер отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған "Зорлық-зомбылықсыз отбасы" акциясының қорытындысын шығарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шара аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қолайсыз әлеуметтік ортадағы отбасылар мен балаларға көмек көрсетуге бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Полиция деректеріне сүйенсек, сот шешімімен ерекше талаптар қойылған және қорғау нұсқамасы шығарылған шамамен 1,5 мың адамның тұрғылықты жері тексерілді. Акция барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша полицияға 50-ге жуық хабарлама мен арыз түсті. Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 72 қорғау нұсқама шығарылып, сотпен 15 құқық бұзушыға қатысты мінез-құлқына байланысты ерекше талаптар белгіленді. Оның ішінде 13 жағдайда алкогольді ішімдік ішуге тыйым салынды. Сондай-ақ әлеуметтік қауіпті жағдайда тұрған бес отбасы полицияның бақылауына алынды.
Мәселен, ауыл тұрғыны ішімдікке салынған ұлының өзіне жанжал шығарып, балағат сөздер айтып, тыныштығын бұзғаны жөнінде арызданған. Нәтижесінде сот шешімімен оған қатысты қорғау нұсқамасы қабылданып, алкогольді, есірткі мен психотроптық заттарды қолдануға қатаң тыйым салынды. Бұған қоса, сот психологиялық көмек көрсету шарасын да тағайындады.
Сонымен қатар полицейлер білім беру ұйымдарында отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.