Елордада Ұлттық ұлан әскери бөлімінде ерекше кездесу өтті
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде белгілі журналист, тележүргізуші, продюсер әрі қоғам қайраткері Майя Бекбаева қонақ болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында азаматтық борыш, заңның құдіреті және әрбір адамның жеке жауапкершілігі жөнінде мазмұнды әңгіме өрбіді.
Айта кетейік, 5573 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі сарбаздары күн сайын елорданың тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп келеді. Олар – Отанға адалдықты, тәртіп пен жанқиярлықты таңдаған жас ұландар.
Майя Төлегенқызы сарбаздардың тұрмыс-тіршілігімен, күнделікті қызмет барысымен, сондай-ақ дене және моральдық дайындығымен арнайы танысты. Қонаққа мына бағыттар көрсетілді:
▪️ күнделікті қызметтің негізгі элементтері;
▪️ арнайы техника мен жабдықтар;
▪️ қызметтік иттермен жұмыс істейтін кинологтардың дайындығы;
▪️ Ұлттық ұланның тарихы мен дамуын қамтитын мұражай экспозициясы.
Бұл бағыттардың әрқайсысы – заңдылық пен тәртіпке, азаматтық жауапкершілікке негізделген үлкен жүйенің маңызды бөлігі екені атап өтілді.
Жеке құраммен кездесуде Майя Бекбаева қоғамдағы заң мен тәртіптің рөліне ерекше тоқталды:
— Заң мен тәртіп – абстрактілі ұғым емес. Бұл – әрқайсымыздан басталатын мәдениет. Егер біз мықты әрі әділетті ел құрғымыз келсе, алдымен ішкі тәртіптен, өзгеге құрметтен және адалдықтан бастауымыз қажет. Мемлекет – бір ғана адам емес, мемлекет – ол біз. Сондықтан жауапкершілік те ең алдымен өзіміздің мойнымызда, – деді ол.
Кездесу аясында мәдени бағдарлама ұйымдастырылып, қонақ пен сарбаздар бірге "Жошы хан. Ұлы Ұлыстың иесі" атты фильмді тамашалады. Бұл туынды ҚР Президентінің Телерадиокешені мен "Жібек жолы" арнасының бірлескен жобасы болып табылады.
Ұлттық ұлан қызметіне шынайы қызығушылық танытып, сарбаз еңбегіне құрметпен қарағаны үшін Майя Төлегенқызына алғыс білдірілді. Мұндай кездесулер жас сарбаздарға жігер беріп, олардың қызметті абыройлы міндет әрі ел алдындағы жауапкершілік ретінде қабылдауына ықпал етеді.