Қостанайда полиция қызметкерлері зейнеткердің 3,3 млн теңгесін сақтап қалды
Қостанайда полиция қызметкерлері зейнеткердің 3,3 млн теңгесін сақтап қалды, - деп хабрлайды Polisia.kz.
71 жастағы Қостанай тұрғыны алаяқтардың айласына түсіп, барлық жинағын беріп қоя жаздады. Бөгде адамдар оны терроризм ісіне қатысы бар деп сендіріп, банктегі депозиттегі ақшасын шешіп алуды талап еткен.
Оқиға WhatsApp арқылы келген хабарламадан басталған. Белгісіз біреу өзін заңгермін деп таныстырып, әйелдің атына 3 млн теңгелік виртуалды карта рәсімделгенін хабарлаған. Ол ақшаның "қылмыстық іздеуде жүрген адамдарға кеткенін" айтып, зейнеткердің өзі күдіктіге айналғанына сендірген.
Қорыққан әйел дереу банкке барып, 3,8 млн теңгесін алған. Чектердің суретін әлгі "маманға" жіберіп, кейін ақшаны "қауіпсіз шоттарға" аудару жөнінде нұсқаулық алған.
Сауда орталығындағы терминал арқылы 500 мың теңге аударған сәтінде оны "Технодом" қызметкері байқап қалған. Қызметкер зейнеткердің бір уақытта ақша аударып, телефонмен сөйлесіп тұрғанын көріп, араласуға тырысқан. Әйел болса, тоқтатпауды өтініп, қолын сермеген. Дегенмен қызметкер бей-жай қалмай, дереу полицияға хабар берген.
Киберқылмыспен күрес қызметкерлері жедел жетіп, әйелді таксиде тоқтатты. Сол сәтте алаяқтар оны басқа жерге апаруға тырысқан екен. Зейнеткер әлі де қоңырау шалған адамға сеніп, полицияға бағынбай, олардың нұсқауларын орындауды жалғастырған.
Жанында жүрген адамдар да араласып, әйелді сөйлесуді тоқтатуға көндіруге тырысқан. Куәгерлердің айтуынша, ол гипнозға түскендей күйде болған. Тек жарты сағаттан кейін ғана тәртіп сақшылары оған алаяқтардың құрбанына айналғанын түсіндіре алды.
— Олар соншалық сенімді сөйледі, мен тіпті біздің ұйымымызда ондай заңгердің бар-жоғын тексермедім, — дейді әйел кейінірек.
Азаматтардың немқұрайлы қалмауы мен полицияның жедел әрекетінің арқасында зейнеткер 3,3 млн теңгесін сақтап қалды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерді іздеу жұмыстары жүргізілуде.
Ескерту: Егер сізге қоңырау шалып, қаражатыңызға қауіп төніп тұр десе, дүрбелеңге берілмеңіз. Ешқашан ақша аудармаңыз, жеке деректерді жария етпеңіз. Сөйлесуді тоқтатып, бірден полицияға немесе банкке хабарласыңыз.