Түркістан облысында "Жолда қабылдау" акциясына 800-ден астам тұрғын қатысты
Түркістан облысында "Жолда қабылдау" акциясына 800-ден астам тұрғын қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Түркістан облысының аумағында "Жолда қабылдау" республикалық акциясы өтті.
Іс-шара барысында азаматтар жол қозғалысы ережелері, әкімшілік құқық бұзушылықтар, көші-қон желісі, жүргізуші куәлігін алу, көлік құралдарын тіркеу және басқа да мәселелер бойынша тегін кеңес алды.
"Жолда қабылдау" акциясы облыстың барлық қалалары мен аудан орталықтарында сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін екі күн бойы өткізілді. Оған қоғамдық ұйымдар мен кеңестердің өкілдері, блогерлер қатысты. Акцияға облыстың 800-ден астам тұрғыны келді. Оларға құқықтық кеңестер мен өзекті мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Келіп түскен сұрақтардың ішінде: 140-тан астамы жол қозғалысын ұйымдастыруға, 74-і автокөлікті қайта жабдықтауға, 73-і айыппұл төлеуге, 98-і көші-қон мәселелеріне және 35 басқа да бағыттар бойынша толық жауаптар берілді.
Сонымен қатар "сенім телефонына" азаматтардан 58 өтініш пен сауал келіп түсті. Бұл сұрақтардың көбінен жолдардағы қауіпсіздік тақырыбына халықтың қызығушылығын көруге болады.
Жергілікті тұрғындардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында акция тұрғын үйлердің аулаларында да өткізілді, онда мамандар түрлі мәселелер бойынша заңгерлік кеңестер берді.
"Жолда қабылдау" акциясын өткізу халық пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимыл мен ашық диалогқа бағытталған. Ашықтық пен қолжетімділік құқықтық тәртіп органдары жұмысының маңызды басымдығы болып қала береді. Сондай-ақ қауіпсіз қоғамның және азаматтардың сенімін арттырудың кепілі болып табылады. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғаспақ.