Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте кезекті "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды

Шымкентте жас сақшылар қатары толықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкентте "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында Молда Мұса атындағы №5 жалпы орта мектебінде жас полицейлердің жаңа буыны – “Жас сақшы” сыныбының ашылу салтанаты өтті.

Бұл бастама балалар арасында тәртіпке, отансүйгіштікке және елге қызмет етуге деген құрметті қалыптастыруға бағытталған. Олар бүгіннен бастап мектеп партасында құқықтық сауаттылықты, азаматтық жауапкершілікті және қоғамдағы Заң мен тәртіптің маңыздылығын үйренеді.

Салтанатты шараға қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Мәулен Ахметов, мектеп ұжымы мен ата-аналар қатысты.

Іс-шара барысында М.Ахметов жас буынды адалдық пен жауапкершілікке тәрбиелеудің маңызын атап өтті. Кадеттерге арнайы үлгідегі нысанды киім тігіліп, сынып бөлмесі полиция қызметін бейнелейтін стендтермен және оқу құралдарымен жабдықталды.

Аталған шара қоғамда "Заң мен тәртіп" идеологиясын ілгерілетудің бір бөлігі саналады. Оның басты мақсаты – жасөспірімдерге заңдылықты, әділдікті және тәртіпті сақтаудың маңыздылығын ұғындыру.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, "Жас сақшы" қатары жыл сайын артып келеді. Оқушылардың әрқайсысы болашақта елінің тыныштығын күзететін, қоғам игілігі үшін еңбек ететін абыройлы азаматқа айналарына сенім мол.

Айта кетейік, еліміз бойынша жалпы 160 “Жас сақшы” сыныбы бар және 3400-ден астам оқушы сол сыныптарда тәлім алуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру