Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да  полицейлер "оңай табыс" уәделерінің артында миллиондаған шығын жатуы мүмкін екенін ескертеді

СҚО-да  полицейлер "оңай табыс" уәделерінің артында миллиондаған шығын жатуы мүмкін екенін ескертеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО-да полицейлер интернеттегі алаяқтықтың қауіптілігіне назар аудартады. Статистикаға сүйенсек, өңірде тіркелген әрбір жиырмасыншы киберқылмыс дәл осы схема бойынша жасалады. Әсіресе мұндай алаяқтық көбіне азаматтарды ең ірі қаржылық шығынға ұрындырады.

Қылмыскерлердің әрекет тәсілі бірдей: азамат әлеуметтік желіден немесе интернеттен "инвестиция арқылы қосымша табыс табуды" ұсынған жарнаманы көреді. Жылдам байығысы келген адам бастапқыда аз қаржы салып, кейін көбірек қаражат құяды, тіпті кейде қарыз алып немесе баспанасын сатып, бар ақшасын соған арнайды.

Алаяқтар WhatsApp мессенджері арқылы байланысып, "кірістің өсуін дәлелдейтін" жалған графиктер мен есептерді жібереді. Алайда олардың барлығы – шындыққа еш қатысы жоқ ойдан құрастырылған деректер. Нәтижесінде жәбірленушінің барлық қаржысы қылмыскерлердің қалтасына түседі. Ал адам өз "табысын" шешіп алғысы келгенде, оған "сақтандыру жарнасы" ретінде кірістің 1 пайызын төлеуді талап етіп, артынша байланысын үзеді.

Көп жағдайда алаяқтар белгілі компаниялардың сайттарының көшірмесін жасап, әлеуметтік желілерде белсенді жарнама жүргізеді. Онда қысқа мерзімде қомақты пайдаға кенелтуді уәде етеді. Мұндай жалған жарнамалар ресми емес сайттарға сілтейді. Сонымен қатар олар бейнежазбаларда танымал тұлғалардың бейнесін және "қанағаттанған инвесторлардың" пікірлерін қолдан жасайды – мұның бәрі нейрожелілер арқылы дайындалады.

Полицейлер тұрғындарды "оңай ақша" туралы уәделерге сенбеуге, күмәнді сілтемелерді ашпауға және қаралатын интернет-ресурстардың сенімділігі мен пікірлерін мұқият тексеруге шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру