Полиция жаяу жүргіншілерді жолда сақ болуға шақырады
Талдықорғанда полицейлер жаяу жүргіншілерге жол ережесін еске салу үшін профилактикалық акция ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Акцияның мақсаты — жазалау емес, түсіндіру және үйрету. Себебі жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі – жаяу жүргіншілердің өздерінің ұқыпсыздығы мен немқұрайлығы. Полицейлер тұрғындарға жол үстінде тек жүргізушінің жылдам әрекет етуі ғана емес, жаяу жүргіншінің де жауапкершілігі маңызды екенін еске салды.
Іс-шара барысында инспекторлар жолды қауіпсіз кесіп өтудің ережелерін түсіндіріп, жаяу жүргіншілер өткелдерін және жарық шағылыстыратын элементтерді, әсіресе қараңғы уақытта, қолдануға шақырды. Сонымен қатар қатысушыларға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салатын жадынамалар таратылды. Полиция өкілдерінің айтуынша, жолдағы қауіпсіздік — тәртіптен басталады. Заңды сақтау — бұл тек міндет қана емес, әр адамның өмірі мен денсаулығының кепілі.