Антына адал жас маманның қызметтігі бір күні
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қалалық пробация қызметінің аға инспекторы Ержан Ақбар – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, антына адал жас мамандардың бірі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызмет жолын Шиелі аудандық пробация қызметінен бастаған ол бүгінде қалалық пробация қызметінде өз аймағындағы 70-тен астам сотталғанмен жұмыс жүргізіп келеді. Ақбар Ержанның негізгі міндеті – пробация есебіндегі азаматтарды әлеуметтендіру, құқықтық кеңес беру және қайта қылмыстың алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстар ұйымдастыру.
– Қызметтің оңайы жоқ. Нысанды киім киген соң, оның артындағы үлкен жауапкершілікті сезінесің. Бізге сеніп тапсырылған әр адам – қоғамның бір бөлшегі. Сол себепті оларға дұрыс бағыт беру, өмірге бейімдеу – біздің басты парызымыз, – дейді Ержан Ақбар.
Ішкі істер органдарындағы еңбек өтілі 3 жылды құрайтын жас офицер – өз отбасынан бұл салада қызмет етіп жүрген жалғыз жан. Соған қарамастан ол таңдаған мамандығына адалдық танытып, қоғам алдындағы борышын зор жауапкершілікпен атқарып келеді.
Ержан Ақбар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің "Құқықтану" мамандығын 2019–2022 жылдары тәмамдаған. Жалаңтөс Бахадүр атындағы спорт интернатының түлегі, дзюдо спорт түрімен айналысқан.
– Спорт мені тәртіп пен төзімділікке үйретті. Сол қасиеттер қызмет барысында да айрықша көмегін тигізеді. Мен спорт шеберлігіне кандидатпын және бұл жетістік менің өмірімде ерекше орын алады, – дейді ол.
Бүгінде Ержан Ерболатұлы бос уақытында спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанады. Ол үшін спорт – өмірлік серік, ал қызмет – елге адалдықтың белгісі.
– Ант – жай сөз емес, ол абырой мен жауапкершіліктің нышаны. Мен өз антыма адал болып, ел игілігі үшін аянбай еңбек етуді азаматтық борышым деп білемін, – дейді Ержан Ақбар.
Пробация қызметінің жас офицері – өз ісін сүйетін, ел алдында абыройлы қызмет атқарып жүрген лайықты мамандардың бірі.