Абай облысында арнайы бөлімшелердің жауынгерлік дайындығы тексерілді
Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Нұрланұлы арнайы бөлімшелердің қызметтік даярлығы мен олардың орналасқан орындарын тексерді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел қимылдайтын арнайы жасақ пен оқу-жаттығу взводының қызметкерлері — алдыңғы шепте қызмет ететін, қаруланған қылмыскерлермен бетпе-бет келіп, кепілге алынған адамдарды босату және бейбіт тұрғындарды қорғау бағытында арнайы операцияларды орындайтын жоғары дайындықтағы мамандар.
Бөлімшенің ағымдағы қызметі туралы департамент бастығына ЖҚАЖ командирі Бағдат Әлменов баяндады. Ол жеке құрамның жауынгерлік даярлығының деңгейі, материалдық-техникалық жарақтандырылуы, сондай-ақ қызметкерлердің рухын көтеру және тиімді демалысын ұйымдастыру мақсатында құрылған мәдени-демалыс орталығының жұмысы туралы ақпарат берді.
ЖҚАЖ жеке құрамы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыспен күрес және облыс аумағында құқықтық тәртіпті сақтау бойынша маңызды міндеттерді атқарып келеді.
Инспекция барысында Эльдар Нұрланұлы арнайы жасақтың материалдық базасымен, қару-жарақ және киім-кешекпен қамтамасыз етілу деңгейімен танысты.
Департамент басшысы ішкі істер министрі белгілеген стратегиялық міндеттерге тоқталып, жоғары жауынгерлік дайындықты сақтау, қатаң тәртіп пен қызметтік стандарттардың бұлжымай орындалуының маңыздылығын ерекше атап өтті.