Ұлытауда полиция мен медицина өкілдері рецептсіз дәрі-дәрмек сатуға қарсы күресті күшейтті
Ұлытау облысын бойынша ПД-да рецептсіз дәрі-дәрмек сатуға қатысты заң талаптарын сақтау мәселесіне арналған жиын өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға полиция департаменті есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Оспанов төрағалық етті. Кездесуге фармацевтикалық инспекторат, бақылау және фармацевтикалық қызмет саласындағы мемлекеттік қызметтер бөлімінің басшысы, өңірдегі фармацевтикалық ұйымдардың жауапты қызметкерлері, сондай-ақ "Дала қырандары" жастар ұйымының жетекшілері мен Профилактика кеңесінің мүшелері қатысты.
Жиында дәрігер рецептісімен босатылатын дәрілік препараттарды заңсыз сату фактілерінің алдын алу, дәріхана ұйымдарының жауапкершілігін күшейту және бақылаушы органдар мен медициналық мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды арттыру мәселелері талқыланды.
– Соңғы уақытта тұрғындар тарапынан кейбір дәріханаларда рецептсіз дәрілердің сатылуына қатысты шағымдар түсіп жатыр. Бұл – тек заң бұзушылық қана емес, азаматтардың денсаулығына қауіп төндіретін фактор. Біз бұл бағыттағы бақылауды күшейтпекпіз, – деді Ерлан Оспанов.
Кездесу барысында мамандар дәрілік заттардың айналымын реттейтін заң нормаларына тоқталып, рецептсіз дәрілерді сату әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
– Әрбір дәріхана басшысы өз қызметінің әлеуметтік маңызын түсінуі тиіс. Рецептсіз дәрі босату – азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірумен тең, – деді фармацевтикалық инспекторат, бақылау және фармацевтикалық қызмет саласындағы мемлекеттік қызметтер бөлімінің басшысы Абылай Қаукенов.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар бірлескен профилактикалық шараларды өткізу және дәріхана ұйымдарында рецептімен босатылатын дәрілік препараттардың сатылуын бақылауды күшейту туралы ортақ шешімге келді.